АСТАНА, 29 маусым — Sputnik. ЭКСПО көрмесіне келушілер саны 500 мыңға жеткен. Бұл туралы "Астана ЭКСПО — 2017" ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов айтты.
"Тек осы айда ғана Астана халықаралық әуежайы арқылы өткен жылмен салыстырғанда шетелдіктер үш есе көп келді. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесі біздің қазақстандықтар арасында үлкен қызығушылыққа ие. Ертең таңертең көрмеге бес жүз мыңыншы келушіні күтудеміз. Яғни, біз бұл көрсеткіш бойынша алда келеміз", — деді Есімов Қазақстанның дипломатиялық қызметінің 25 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында.
Бұған дейін екі апта ішінде көрмеге 300 мыңнан астам адам келгені хабарланған болатын.
ЭКСПО-2017 көрмесі 10 қыркүйекке дейін созылады.