АСТАНА, 28 маусым — Sputnik. Астанада 2 шілдеде қазақтың ұлттық спорты қазақ күресінен өтетін "Қазақстан барысы" жетінші республикалық турнирінің жеңімпазы алтын белдік, "тайтұяқ" марапаты және 25 миллион теңгеге ие болады.
Биыл қазақ күресінен өткізілетін жарыс 11 мың адам сыятын "Барыс Арена" спорт сарайында болады.
"Үш дүркін чемпионымыз Бейбіт Ыстыбаев биыл жарысқа қатыспайды. Қыркүйек айында ол "Әлем Барысы" турниріне қатыспақ. Биыл жарыста жаңа балуан жеңімпаз атанады деп күтеміз", — деді "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қорының қамқорлық кеңесі төрағасы Арман Шураев.
Турнир қатысушылар Астанаға 29 маусымда келеді, келесі күні ресми салмақ өлшеу рәсімі өткізіледі.
Биыл жарысқа ең мықты 34 балуан қатыспақ, олар 14 облыс пен Алматы және Астана қалаларында өңірлік іріктеу кезеңдерінен өткен.
Турнирдің тікелей көрсетілімін "Қазақстан" және "Kazsport" арналарынан, сондай-ақ ресейлік "Матч!", "Планета", "Боец" арналары және "ТРТ Аваз" түрік арнасынан тамашалай аласыздар.
Турнирдің сыйақы қорына келер болсақ, әр жеңген жекпе-жек үшін балуан 100 мың теңге ұтады. Ал чемпион алтын белдік, "тайтұяқ" марапаты және 25 миллион теңгеге ие болады және бапкеріне үш жарым миллион теңге сыйақы ұсынылмақ. Екінші орынға – бес жарым миллион теңге мен бапкеріне 1,8 миллион теңге ұсынылады. Үшінші орынға – 1 миллин 800 мың мен бапкеріне 900 мың теңге беріледі.