АСТАНА, 28 маусым — Sputnik. Димаш Құдайбергеннің концертіне билетті екі ай бұрын сатып алған көрерменнің айтуынша, интернет дүкендер кей орындарға билетті екі рет сатқан.
Дана Ким Димаштың концертіне 26 сәуірде 5 билет сатып алған екен. Олар отбасымен жас әншінің өнерін тамашалауға АҚШ-тан арнайы келіпті.
Бірақ "Астана Арена" стадионына барғанда, Дананың билеттерінде көрсетілген орындарды басқа келушілер алып қойған.
"Бұл менің орным десем, олар өз билеттерін көрсетті. Салыстырып қарасам, екі билетте де бірдей орын, қатар, сектор көрсетілген. Тек бағасы ғана әртүрлі. Мен 10 мың теңгеге сатып алсам, олар Chocolife арқылы 2800 теңгеге сатып алыпты. Бастысы, екі билет те бір-бірінен айнымайды", — дейді ол.
Әйелдің айтуынша, концертке келген басқа жандар да тура осындай жайтқа тап болған.
"Біз сияқты жүрген адамдар көп болды. Олар да дәл осындай жайтқа тап болыпты. Адамдар бір-бірімен ұрысысып, айғайласып жатты. Кейбіреуі кетіп қалса, өзгелер қалуды жөн көрді. Қысқасы, абыр-сабыр болып кетті. Өмірімде алғаш рет осындайды көріп отырмын. Сұмдық жағдайды бастан кештік", — дейді көрермен.
Әйел адам ойдағыдай өтпеген кештің өтеуін алғысы келетінін де жасырмады.
"Choco Family" холдингінің баспасөз қызметі бұл жайттан хабардар екенін айтып, билеттерді тікелей сатушы компаниялармен келіссөздер жүргізіп, мәселенің анық-қанығын сұрастырып жатқандығын мәлімдеді. "Choco Family" жуық арада мән-жайды түсіндірмек.