АСТАНА, 28 маусым — Sputnik. Астана қаласындағы республикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сақалын сақтаған Фатима Әбдібекқызымен кездесу өтті, деп хабарлайды muslim.kz сайты.
Қасиетті Ораза айт мерекесінің соңғы күнінде "Әзірет Сұлтан" мешітінің әйел жамағатына ұзақ жылдар бойы ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак сақалын сақтап келген Фатима Әбдібекқызымен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.
Басылымның хабарлауынша, Атбасар ауданындағы Садовый ауылында тұратын Фатима апамыз кіші қажылықтан келе жатыр екен. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның жүрістен қалғаны болмаса, сөздері ширақ шығып, тау суындай төгіліп-ақ тұр. Көргені мен түйгені мол апамыздың айтары да аз емес екен. Қаумалаған қалың көпшілікті салиқалы сөздерімен үйіріп әкетіп, өсиет-өнегесімен бөлісті.
Қадірлі қарияның арнайы "Әзірет Сұлтан" мешітіне келіп, кездесу өткізуі жамағаттың да мерейін өсіре түсті. "Әзірет Сұлтан әжелері" атанған бір топ қажы апаларымыз Фатима Әбдібекқызына арнайы алғыстарын білдіріп, қазақы дәстүрмен қамзол кигізді. Көпті көрген қарияның ақ батасын алып, естелік суретке түсіп қайтты.
Айта кетейік, ұзақ жылдар бойы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүбәрак сақалын сақтап келген Фатима апамыз 2013 жылдың мамыр айында құнды жәдігерді ҚМДБ-ның қарауына өткізген болатын.