АСТАНА, 27 маусым — Sputnik. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының 16 депутатын сайлау бойынша дауыс беру басталды, деп хабарлады ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Константин Петров.
"Байқаушылардың көзінше операторлардың функционалдарға қолжетімді болуы үшін логин және парольдері бар конверттер ашылды. Дәл қазіргі уақытта election.gov.kz сайтынан онлайн режимде таңдаушылардың тіркелуіне бақылай аласыздар. Еліміздің 16 өңірінен 16 Сенат депутаты сайланады. Бүкіл іс-шараға 92 миллион теңге бөлінді", — деді Петров.
Оның атап өтуінше, Астана уақыты бойынша сағат 9-00-дегі жағдайға сәйкес барлық 16 пункт дауыс беру үшін толықтай жарақтандырылған және жұмыс істеуге дайын болып, таңдаушылардың электронды тіркелуі басталды. Ол 10-00-ге дейін жалғасады.
Бұған дейінгі түпкілікті деректерге сәйкес, еліміздің заң шығарушы органының жоғарғы палатасының 16 мандатына облыстардан, Астана мен Алматы қалаларынан 38 үміткер тіркелген. Сайлауға қатысатын таңдаушылардың саны — 3291.