АСТАНА, 27 маусым — Sputnik. Бір жарым айлық сәби Орал қаласында салынып жатқан үй шұңқырынан табылды. Жергілікті күзетші аумақты аралап жүріп жылап жатқан баланы тауып алған, деп хабарлайды "Мой город" басылымы.
"Маңайды шолып жүріп, баланың жылаған даусын естідім. Сәбиді көргенімде, көшеден өтіп бара жатқандарға жедел жәрдем шақыртқыздым. Шақалақты көрпеге орап, шытпен байлап қойыпты", — дейді күзетші.
Орал қаласы ІІБ басшысы Мүслім Жәрдемовтың сөзіне сүйенсек, бала жақсы күтімде болған екен, ел қатарлы отбасыдан шыққаны көрініп тұр.

"Баланың жағдайы бір қалыпты. Шамамен бір жарым айлық. Қазір оның анасын іздеп жатырмыз. Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан кинологтарды ит көрші үйге бастап апарған. Қазір үй-үйлерді аралап жатырмыз", — деді Жәрдемов басылымға.