АСТАНА, 23 маусым — Sputnik. Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Құрылтайға барлығы 800 делегат пен қонақ жиналды, оның 350-і алыс және жақын әлемнің 39 елінен келді. Олар ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялы қауым өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отыр.
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайынан 150 отандық және шетелдік БАҚ өкілдері ақпарат таратады.
Құрылтай аясында белгілі дінтанушы-ғалымның 100 жылдығына арналған "Халифа Алтай және тарихтың оралуы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
Бұдан бөлек, ертең Дін істері және азаматтық қоғам, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау министрліктері құрылтайдың шетелдік қонақтарымен "дөңгелек үстел" отырысын өткізеді.
Сондай-ақ, құрылтай делегаттары мен қонақтары "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесімен танысады, этноауылды аралап, "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында ұлттық музыкамыздың алтын қорына кірген Евгений Брусиловскидің "Қыз Жібек" операсын тамашалайды.
1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұқбат алаңы болып табылады.