Бүгін барша мұсылман халқы қасиетті Қадір түнін қарсы алады. Мың айдан да қайырлы сағаттарды қалай өткізу керек? Құлшылықтың сауабы кімдерге беріледі? Тағдырлар айқындалатын бұл түні не істеу керек?
Намаз оқу
Қадір түні күн батқанда басталып таң атқанға дейін жалғасады. Сауаптар еселенсін десеңіз шам, құптан, тарауық, таң намазын жамағатпен оқыған абзал. Намазға әлі жығылмаған ба едіңіз? Имамға ұйып, көпшіліктің істегенін қайталасаңыз, намаздың сауабы сізге де беріледі.
Құран Кәрімді оқу
Зікірдің ең жақсы түрі – Құран аяттары мен сүрелерін оқу. Хадисте "Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді" дейді. Қасиетті кітаптың аудармасына мән беріп, мағынасына ой жүгірткен абзал.
Тәубеге келу
"Шын ниетпен қылған тәубе таудай күнәні жояды" деген екен ата-бабаларымыз. Тәубе жасаудың шарттары:
- Күнәдан лезде тиылу;
- Бар жүрегімен қателігіне өкініп, Алладан кешірім сұрау;
- Күнәні қайта жасамауға бел буу;
Зікір ету
Зікірдің көп түрі бар. Мәселен:
- Кімде-кім тілге жеңіл, таразыда ауыр тартатын "Субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллаһил азим" деп 100 рет қайталаса, оның күнәлары теңіз көбігіндей көп болса да кешіріледі.
- "Лә иләһә илләЛлаһ" деп көп айту керек.
- "Астағфирулла", "Субханалла", "Әлхамдулилла", "Аллаһу әкбар" сынды зікірлерді айтудан жалықпаңыз.
Қадір түніндегі дұғаны оқу
Айша анамыз алла елшісінен "Егер Қадір түніне дәл түссем, онда қандай дұға айтайын" деп сұрайды. Пайғамбарымыз сонда: "Мына дүғаны оқы: Аллаһумма иннәкә ғафуун к тухиббул ғафуә фағфу ғанни" деп жауап береді. Мағынасы: "Я, Алла, расында Сен – кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені кешіре гөр!".
Дұға жасау
Алла Тағала дұғаларды қабыл ететін Қадір түні мүмкіндігінше көп уақытты дұғада өткізу керек, себебі біз оған мұқтажбыз. Атақты хадисші Суфуан Сәури өзінің бір сөзінде: "Бұл түні дұға етіп, Алладан кешірім сұрап, тілек тілеу мен үшін намаз оқудан қайырлы. Егер Құран оқып, артынша дұға етіп отырса тіптен жақсы" деген. Себебі, бұл түн — Аллаға көптеп дұға ететін, кешірім тілейтін түн.
Пайғамбарымызға (с.а.у) салауат айту
Пайғамбарымыз "Әрбір дұға-тілек аспан астында бүркеліп тұрады. Егер маған айтылған салауат келсе дұға көкке көтеріледі" деген. Салауат айту – дұға-тілектің қабыл болуына үлкен себепкер. Сондай-ақ, Хадисте былай айтылған: "Маған бір рет салауат айтқан кісіге Алла Тағала он сауап жазады".
Салауаттың түрлері көп. Ең қысқасы Пайғамбарымыз есімін естігенде "алейһис соләту уәс сәләм" немесе "салла Аллаһу алейһи уәс-сәләм" деп айту.
Салауаттың ең көп айтылатын түрі намазда оқылатын "Аллоһуммә солли" және "Аллоһуммә бәрик" салауаттары.
Садақа беру
Ислам ғұламалары адамдардың бір-біріне қарайласа жүруінің рухани пайдасы зор екенін алға тартады. Пайғамбарымыз мұсылмандардың періштедей пәк күйге бөленуі үшін садақа беруден тартынбауға үндеген. "Бір құрма болса да садақа беріңіз. Өйткені (садақа) кедейді қуандырады, сондай-ақ, судың отты өшіргені секілді, күнәларыңызды жоқ қылады" деген хадис-шариф, садақа берудің мұсылмандардың рухани тазаруына жол ашатын ізгі амал екенін әйгілеуде.
Құрметті, мұсылман бауырлар, осы игі амалдарды орындау арқылы Қадір түнінде 83 жылдық сауапқа кенелейік! Баршамызға Алла жар болсын!
Дереккөз: ummet.kz