АСТАНА, 21 маусым — Sputnik. Алматы әкімі Бауыржан Байбек кезекті жұмыс сапарында Наурызбай ауданындағы әкімшілік орталықтың және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын, сонымен қатар Қарғалы өзені бойының абаттандырылуын тексерді, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі күні жалпы ұзындығы 7,7 км болатын Қарғалы өзенінің арнасына бетон конструкцияларын төсеу жұмыстары аяқталды. Жағалауларға қайта топырақ төгу жүріп жатыр, үш өтпелі көпір салынған.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудан тұрығндарының демалуы үшін өзен жағалауы түгелдей абаттандырылуда.
Жасл желектер отырғызылып, гүл клумбалары, альпі таулары жасалған, жасыл аймақтың жалпы көлемі – 1 гектар. Шағын архитектуралық формалар, балалардың ойын алаңдары, декоративті тректер бой көтеріп, жүргінші тротуарлары салынуда.
Қала әкіміне Наурызбай ауданы әкімдігінің жаңа ғимараты шілденің басында ашылатындығы айтылды. Қазіргі кезде мұнда ішкі әрлеу, технологиялық қондырғыларды орнату, нысан айналасын көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бес қабатты ғимарат алдына көлемі 1 гектар болатын сквер жасалады.
АІІД-нің жаңа нысанының, 1200 орынды мектептің құрылысы аяқталып қалды. 500 адам қатынайтын емхана да іске қосылады. Бұлардың барлығы келесі айдың басында пайдалануға беріледі.
ХҚКО, пошта,сот, прокуратура, әділет басқармасы орналасатын кешенді әкімшілік нысан ішінде де әрлеу жұмыстары жүруде. Бұл кешен биылғы жылдың тамыз айында беріледі деп жоспарланған.
Жалпы, ауданда тұрғын үй салу, магистарльды жолдарды тесу, Қалқаман және Алты Алаш елді мекендерінде ұзындығы 17,3 км болатын жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Жандосов көшесі, Сайын көшесінен Таусамалы поселкесіне дейін ұзындығы 2,08 км болатын жол күрделі жөндеуден өтуде, жолдың көлік қозғалысы бөлігі 4 жолақты болып кеңейтілуде, "Қарғалы" өзені бойындағы көпір қайта жасалып, ұзындығы 2 км болатын веложол мен ұзындығы 4 км болатын тротуарлар салынуда.