АСТАНА, 20 маусым — Sputnik. Британ тілшісі Джеймс Палмердің сынына жауап берген Sputnik Қазақстан тілшісі Айгүзел Қадыр оның өзімен сөйлесті.
Өткен аптада Foreign Policy беделді америкалық журналында ЭКСПО туралы сынап жазған Джеймс Палмердің мақаласы Қазнетті біраз дүрліктірген болатын. Тілші павильондарда келушілердің аз екенін айтып, Қазақстанның елордасын "айдаладағы Астана" деп атаған.
Алайда, ЭКСПО ұйымдастырушылары ондай есімді адамның Қазақстанға келмегенін алға тартты.
"Көрмеге ондай журналист тіркелмеген,аккредиттелмеген болып шықты. Қауіпсіздік департаментіндегі әріптестеріміздің көмегімен мұндай адамның ЭКСПО кезінде Қазақстанның шекарасын кеспегенін анықтадық ", — деп мәлімдеді "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі департамент жетекшісі Сергей Куянов.
Палмер болса төлқұжатындағы Қазақстанға келгенін дәлелдейтін штампты суретке түсіріп Twitter парақшасында жариялаған.
Палмер Sputnik Қазақстанға төлқұжатының толық көшірмесін жіберді, онда шекарадан өткендігін көрсететін қазақстандық штамптар тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.
"Сәлем, Айгүзел. Сізге суретім, бүкіл штамп көрініп тұрған төлқұжатымды жіберіп отырмын. Қажет болса, билетімді де түсіріп жіберейін. Меніңше, мақаламда ЭКСПО туралы бар шындықты жазғандықтан, үкімет ұялып жатқан сияқты. Бәлкім, олар визамның бар-жоғын ғана тексерген шығар. Менің британдық екенімді, маған визаның қажет емес екенін ұмытып кеткен ғой", — деп жазды Палмер.