АСТАНА, 16 маусым — Sputnik. "Қазақстан" телерадио кешенінің басқарма төрағасы Ерлан Қарин Instagram желісінде Джеки Чанның Астанаға келуіне қазақстандық тарап қанша қаражат жұмсағанын айтып берді.
Танымал актер Джеки Чан Қытай киносы апталығын ашу үшін Астанаға келді.
"Бір апта бұрын ол алғаш рет Қазақстанға келді, жолымыз болып, сұхбат алдық, негізінде ол Қытай киносы фестивалінің ашылуына ғана қатысуы тиіс болатын, алайда сөзімізді жерге тастамай, аз уақыт ішінде баспасөз мәслихатын өткізіп, бағдарламаға түсіп үлгерді, бәрі аяқ астынан, күтпеген жерден болды", — делінген жарияланған мәтінде.
Қазақстандық тараптың шығынына келсек, Қариннің айтуынша, әлемге әйгілі актердің Қазақстанға келуіне ешқандай қаражат жұмсалмапты, тек ЭКСПО-ға билет пен кәдесыйлар сатып әперген көрінеді.
Джеки Чан өз ұшағымен келді, қалада кәдімгі минивэнмен жүрді.
"Одан да таңғаларлық жайт, оның Астанаға ұшып келуі бізге ешқандай шығын келтірген жоқ! Ол достарымен бірге жеке ұшағымен ұшып келді, ешқандай гонорар төленбеді, өзі райдер де ұсынбады. Тіпті люкс көліктен бас тартып, достарымен қаланы аралау үшін қарапайым минивэн сұрады. Жергілікті елордалық мейрамхана иелері кумирлерін қуана қарсы алып, кешкі ас үшін есеп сұрамады. Қазақстанда бірнеше күн болады деп жоспарланған еді, алайда уақыт тығыз болғандықтан жарты күн ғана болды", — деп жазды Қарин.
Қариннің айтуынша, Қазақстан Джеки Чанға қатты ұнапты, ол ортақ жобаларда бірігіп жұмыс істеу үшін Қазақстанға ұзағырақ мерзімге келуге уәде берді.
Голливуд актері Нұрлан Қоянбаевтың "Түнгі студияда" бағдарламасына да қатысқан.