АСТАНА, 14 маусым — Sputnik. Алдағы үш күнде кей жерлерде күн күркіреп, өткінші жаңбыр жауады. Бірақ ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болып, кей өңірлерде тіпті 38 градусқа дейін ысиды.
"Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты кей жерлерде күн күркіреп, өткінші жаңбыр жауады. Бірақ ауа температурасы климаттық нормадан 3-5 градус жоғары болады, өйткені оңтүстік-батыс тропосфералық ағындармен бірге Қазақстанға Иран аудандарынан өте жылы ауа келуде. Сондықтан қазірдің өзінде кей жерлердегі +30+38°C ауа температурасы алдағы үш тәулікте еліміздің басым бөлігінде сақталады деп болжанып отыр. Тек еуропалық Ресейдің орталық бөлігінен ылғалды және салқын ауа келе бастаған батыс аймақтарда мұндай ыстық болмайды", — деді "Қазгидромет" инженер-синоптигі Айдана Абықан.
Астанада алдағы үш күнде өткінші жаңбыр жауады. Ауа температурасы түнде +19+21 градус болады. Ал күндіз 30-33 градусқа дейін ысиды.