АСТАНА, 13 маусым — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысында көліктердің соқтығысу салдарынан үш адам қаза тауып, тағы жетеуі зардап шекті, деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Жол апаты сейсенбі сағат 9.30 шамасында ОҚО Ордабасы ауданы аумағында Шымкент-Самара тас жолынан 80 км қашықтықта орын алған. Бұл жөнінде Ордабасы АІІБ-на хабарлама түскен. Оқиға орнына барған ОҚО ІІД анықтаушылары анықтағандай, 1994 жылы туған Ордабасы ауданы тұрғынының басқаруындағы "Опель вектра" автокөлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, 1985 ж.т. Түркістан қаласы тұрғынының басқаруындағы "Лада" маркалы автокөлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде "Лада" автокөлігінің 3 жолаушысы, 1966 жылы туған азаматша мен 2007 жылы туған екі жасөспірім оқиға орнында қаза болған.
"Лада" көлігінің жүргізушісі мен оның 5 жолушысы, 1956, 1981, 1985, 2006, 2015 ж.т. түрлі дәрежедегі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
"Опель вектра" автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Аталған жайт Ордабасы АІІБ СДТБТ ҚР ҚК 345/4 бабымен "Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" тіркелген. Сараптама тағайындалды. Нәтижесімен процессуалдық шешім қабылданатын болады.