АСТАНА, 13 маусым — Sputnik. Астана әуежайы жаңа терминалының халықаралық ұшулар аймағында Duty Free бажсыз сауда аймағы іске қосылды, деп хабарлайды "Астана Халықаралық әуежай" АҚ баспасөз қызметі.
Мұнда халықаралық авиажелілер жолаушылары әлемдік және жергілікті брендтердің мыңға жақын түрін сатып ала алады. "Бажсыз сауда дүкенінің ашылуы елорда әуежайының дамуындағы маңызды қадам. Астана қаласының халықаралық әуежайында тиісті бажсыз сауданың аймағы болу қажет. Сондықтан осы жобаны іске асырғанымызға қуаныштымыз" — деді Астана халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Паоло Ричиотти.
Бажсыз сауда аймағының ерекшелігі "Spirit of Kazakhstan" дүкені болып табылады. Онда отандық өндірушілердің жоғары сапалы өнімдері, атап айтқанда азық-түлік, ұлттық символикасы бар киімдер, ЭКСПО-2017 көрмесінің кәдесыйлары және тағы басқа да тауарлар сатылады. "Осы жобаның аясында сапаның әлемдік стандарттарына сәйкес келетін қазақстандық тауарлар ұсынылған. Өнімдер алуандығы алдағы уақытта ұлғайтылатын болады" — деді "Dufry"компаниясының бас директоры Рашдорф.