АСТАНА, 13 июн — Sputnik. Расында сәресі үлкен бір нығмет, Алланың сыйы, пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті. Кімде-кім оның қадірін білсе көптеген жақсылықтарға қол жеткізеді. Ал кім бейғам қараса көптеген берекеден мақұрым қалады. Сәресімен адамның дәрежесі өседі, қателіктері кешіріледі, деп жазады ummet.kz.
Сәресі – Алланың құлдарына берген игілігі, ол игілікке қалаған құлдарын ғана жеткізеді. Сәресі – әулие құлдардың сәні, шайтанның мазасын алушы, Алланың ризалығына қол жеткізуші.
Сәресін ішуді бұйыратын хадис: Әнәс жеткізген хадисте пайғамбарымыз: "Сәресін ішіңдер! Расында сәресінде береке бар", — дейді.
Мұндағы "Сәресі ішіңдер!" деген сөз бұйрық райда келген. Алайда үммет ғалымдарының бірауыздық келісімдерімен сәресіне тұру уәжіп дәрежесіндегі амал емес екенін, алайда мұстахаб сүннет амалы екенін айтқан. Сәресі ішу – ораза ұстаған адамға көмекші болады, онда Алланың рахметі бар.
Пайғамбар айтады: "Күндізгі ұсталатын оразаға өздеріңе сәресінің тамағын ішумен көмектесіңдер",-дейді. Пайғамбар "Алла сәресін ішкен адамға рахымдылық танытады",- дейді.
Сәресіге тұру – тек мұсылман үмметіне ғана берілген сый. Пайғамбар "Біздің оразамыз бен кітап иелерінің оразасының арасындағы айырмашылық – сәресі ішуде", — деген.
Алла да, періштелері де сәресі ішушілерге салауат айтады. "Расында Алла және Оның періштелері сәресі ішушілерге салауат айтады",- дейді
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтты: "Береке үш нәрседе: көпшілік ішінде, сәридте (тамақ түрі) және сәресінде", — деді.
Сәресіге құрма жеудің артықшылығы. Пайғамбар "Құрма – сәресіге нендей жақсы,- деген.
Сәресін соңына шейін кешіктіру – сүннет. "Ауызашарға асығыңдар, сәресіні кейіндетіңдер", — деген.