АСТАНА, 12 маусым — Sputnik. Астанада адасып кеткен туристі полицейлер қызметтік көлікпен қонақ үйге жеткізіп салды, деп хабарлайды елордалық ішкі істер департаменті.
Ведомство хабар бергендей, шамамен сағат 11.00 кезінде шетелдік турист Рысқұлбеков көшесінде жүріп, сол ауданда қызмет атқарып жүрген полицейлер автопатрулінен көмек сұрайды.
Полиция қызметкерлері ІІД жедел басқару орталығына хабарласып, сол жердегі кезекші еріктілер итальян тілінде мән-жайды анықтап береді.
Сөйтсе, итальяндық шатасып, қоғамдық көліктің қарама-қарсы бағытына отырған екен. Полицейлер қонақты King Hotel қонақ үйіне жеткізіп салды.