Қоғам

Ольга Пак күйеуінің соты туралы естеліктер жариялай бастады

© Sputnik / Асем МиржекееваОльга Пак
Ольга Пак - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Күйеуінің түрмеден шығуын күтіп жүрген Ольга Пак басынан қандай жайттар өткенін еске алады

АСТАНА, 12 маусым — Sputnik.Жалған терроризм үшін сотталған қарағандылық мұғалім Юрий Пактің әйелі Ольга күйеуі түрмеден шығар алдында жеке күнделігіндегі жазбаларын Facebook желісінде жариялай бастады.

Жазбаларында үкім шығатын күн қарсаңында Юрийдің анасының көз жұмуы, сот және тергеу изоляторы қызметкерлерінің іс-әрекеті жайында еске алады.

"2 қазанда Людмила Алексеевна өмірден озды. Бірнеше күннен бері есін жия алмай, сандырақтап жатқан болатын. Таңертең Юра қасына барған кезде, бірер сәтке есін жинап: "Балам, дұрыс өмір сүр. Құдай мен адамдар алдында жүр. Бәрі жақсы болады", — деді. Осылайша олар оңаша отырып қоштасты. Юраның әкесімен ажырасқаннан бері анасы мен ұлы бірге тұрған еді" — деп жазады Ольга.

Келесі күні Ольга сотқа келіп, Юраның жерлеу рәсіміне қатысуына рұқсат сұрады.

"Сотта бәрі сыпайы, жаны аши қарайды, тіпті судья Жошеваға кіруіме рұқсат берді. Бірақ ол дәлізде өзіне жолатпай қойды: "Жо-жоқ! Бос емеспін". Ақыры мені Шахатбек Әбдіров (БАҚ және әлеуметтік желілер үшін пікір білдірген сот төрағасы) қабылдады, ол рұқсат беріп, тіпті тергеу изоляторына хабарласты".

"Мені қызметкер әйел қарсы алды, екі торлы есіктен рұқсат қағазын бердім. Қағазға қарай беріп, басын көтерді де:

— Иә, иә…. бізге хабарласқан. Бірақ ештеңеден үміттенбеңіз, ертең көлік болмауы мүмкін немесе бастық қол қоймай қояды".

Тордың ар жағынан оған қарап тұрмын, тамағыма өксік келіп тығылды. Айғайлап жылап жібермес үшін ауызымды жаба қойдым. Әлгі әйел менің түрімді көріп шошып кетті:

— Қойыңыз енді, сәті түсетін де шығар, менікі тек ескерту ғана. Түсініңіз, бәрі менің қолымда болса…

Басымды шайқадым — оны түсінетінімді, кінә артпайтынымды, оның қолында тұрған ештеңе жоқ екенін айтқым келді, бірақ аузымнан сөз шықпай қойды. Жанарым жасқа толып, оған қарай бердім.

— Жыламаңыз. — Не айтарын білмей, абдырап, аузымды жауып жылап тұрған маған қарайды. Кенет былай деді:

— Жыламаңыз. Сіз өте сұлусыз…

Юрий Пак өткен жылы қазанда жалған терроризм үшін екі жылға сотталып, жазасын Қарағанды облысы Қарабас ауылындағы жалпы тәртіпті колонияда өтеп жатқан еді. 10 наурызда рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі төрттен бірге қысқартылды. Ал тәуелсіз сараптама бойынша Пактің бомба туралы қоңырауға мүлдем қатысы жоқ болып шыққан.

Жаңалықтар
0