АСТАНА, 11 маусым — Sputnik. Алматыда екі бағыттық автобус пен бес жеңіл автокөлік соқтығысып, төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды Sputnuk Қазақстан тілшісі оқиға орнынан.
Апат Алтынсарин көшесінің бойында – Қуанышпаев және Ұлықбек көшелерінің арасында орын алды. Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, №124 автобустың тежеуіші істен шыққан болуы мүмкін.
Ол қатты жүріп келе жатып BMW көлігін соқты, соққыдан жеңіл көлік №63 автобусқа қарай лақтырылды. Өз кезегінде автобус төрт тұрақта тұрған жеңіл көлікті сүріп кетті. BMW көлігінде болған жүргізуші мен екі жолаушы зардап шекті.
Оқиға орнына келген құтқарушыларға адамдарды көліктен шығару үшін оны кесуге тура келді. Жедел жәрдем BMW көлігіндегі жәбірленушілерді ауыр хәлде ауруханаға жеткізді. Автобус жолаушысы да зардап шекті, оған оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.