АСТАНА, 9 маусым – Sputnik. Испания королі Филипп VI Астанаға келді, деп хабарлайды Қазақстандағы Испания елшілігі.
ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, испандық монарх ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысады. Көрмеде Испанияның "Энергия ғаламшар үшін" павильоны жұмыс істейтін болады.
10 маусымда Қазақстан президенті корольді Ақордада қабылдайды.
Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне 17 мемлекет және үкімет басшысы қатысады деп күтілуде.
Астанаға ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Ахмадзай, Өзбекстан мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Чехия президенті Милош Земан, Пәкістанның мемлекет басшысы Мамнун Хусейн, Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Үндістан мен Люксембург премьер-министрлері — Нарендра Моди мен Ксавье Беттель, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келді.