АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансеит Түймебаев Қытай елінің делегациясымен кездесті. Жиында қытайлық "Шанхай констракшн" компаниясының өкілдері өңір басшысына "Шымкент сити" қалашығының маңында салынатын тұрғын үй кешенінің жобасын таныстырды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, аталған композицияның орталығы ретінде төбесі көк тіреген 57 қабаттан тұратын екі көпқабатты үй қарастырылуда. «Шанхай-Тауэр» және "Шымкент-Тауэр" деп аталатын мұнаралар аталған екі қаланың достық символы іспеттес болмақ. Жобаның жалпы көлемі 300 мың шаршы метрден астам. Қытайлық инвесторлардың айтуынша, аталған тұрғын үй кешенін салу идеясы шығыс пен батыс көпестерінің ежелгі сауда жолы болған Ұлы Жібек жолының тарихына негізделген. Бұл жолдың бойындағы шаһарлардың бірі қазіргі Шымкент қаласы. Ал тұрғын үй кешенінде Ұлы Жібек жолындағы көне қалалар — Отырар, Сауран, Сығанақ, Сайрам, Созақ атымен аталатын ежелгі орамдар (квартал) салынбақ.
Кәсіпкерлермен болған кездесуде облыс әкімі өңіріміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктері мен инвестициялық мүмкіндіктерін атап өтіп, әсіресе, аймақта отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Мұнан бөлек, ол әкімдіктің аталған жобаны қолдайтынын және оны іске асыруда жан-жақты қолдаулардың болатынын айтты.
Айта кету керек, "Шанхай констракшн" компаниясы Қытайдағы құрылыс саласында ең үздік компаниялардың ондығына кіретін, осы салада 60 жылдан астам тәжірибесі бар ұйым. Бұл компания өз жұмысында құрылыстан бөлек, нысандарды пайдалануға беру мен олардың дизайны бойынша, сонымен қатар, консалтинг қызметімен айналысады.