АСТАНА, 8 маусым — Sputnik. Жол талғамайтын көлік пен жеңіл автомобиль Атырау қаласының маңындағы көпірде соқтығысып, салдарынан бес адам қаза тапты, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды өңірлік "Ақжайық" басылымы.
Жол-көлік оқиғасы 8 маусымда таңғы сағат 9 шамасында болды. Toyota Land Cruiser мен Lada Granta Атырау маңындағы көпірде бетпе-бет соқтығысты. Жол апаты салдарынан Lada Granta жүргізушісі мен төрт жолаушысы сол жерде көз жұмды. Toyota Land Cruiser көлігінің үш жолаушысы жергілікті ауруханаға жеткізілді.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Toyota жүргізушісі дін аман. Бұл көлік облыстағы мұнай сервисінде жұмыс істейтін мердігер кәсіпорындардың біріне тиесілі екен.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.