АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. Астанада 12-13 маусымға жоспарланған Сирия бойынша кездесу кепілгер елдердің өз астаналарында алдағы апталарда сарапшы кездесулерін өткізуді ұйғаруына байланысты кейінге шегерілді, деп хабарлады РИА Новостиге Қазақстан СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.
Жайнақовтың сөзіне қарағанда, кепілгер елдер – Ресей, Түркия және Иран – алдағы апталарда сарапшылар деңгейінде жұмыс кездесулерін жалғастыратын болады. Осы елдердің астаналарында Сирияда төрт деэскалация аймағын құру және соғыс әрекеттерін тоқтату режимін нығайтуға қатысты бірқатар өзге сұрақтар туралы қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланады.
Осыған орай, 12-13 маусымға Астанада жоспарланған Сирия бойынша келіссөздердің бесінші раунды кейінге шегеріледі.
"Бұдан әрі кепілгер елдер қазақстандық тарапты бірлесіп ойластырылған Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі астаналық процестің келесі кездесуінің күн тәртібі, мерзімдері, деңгейі мен қатысушылары туралы ақпараттандыруда көздеп отыр", — деп түйді Әнуар Жайнақов.