АСТАНА, 7 маусым — Sputnik. Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, Қытай Халық Республикасының Қорғаныс министрі Чан Ваньцюань, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу, Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрі Мирзо Шерали, Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрі Кабул Бердиев, Қырғыз Республикасы Бас штабының бастығы Раимберди Дуйшенбиев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Рашид Алимов қатысты.
Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері Астанада ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер басшылары кеңесін және "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында басқосып отырғанының маңыздылығын атап өтті.
"Мәдени, аумақтық, тарихи тұрғыдан бір-біріне жақын мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастық мәселелерін шешу үшін құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін елеулі өңірлік бірлестік ретінде көрсете білді", – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай хартиясы қабылданған сәттен бергі 15 жыл ішінде бірлескен ауқымды жұмыс атқарылғанына назар аударды.
"Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысында ірі екі ел – Үндістан мен Пәкістанды ұйым мүшелігіне қабылдау көзделген. Сол арқылы ШЫҰ жер шары тұрғындарының 40%-ға жуығын біріктіреді. Ең бастысы – барлық мәселелерді консенсус арқылы шешуге негізделген "шанхай рухын" сақтау", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ұйым қызметінің экономикалық мазмұнын нығайту қажеттігін атап өтті.
"Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысының оң қарқыны «Жаңа Жібек жолы» бағдарламасының дамуына байланысты болып отыр. Бұл бағдарламаға ұйым мүшелерінің барлығы, ең алдымен, Қытай Халық Республикасының жақын көршісі — Қазақстан қолдау көрсетуде", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы қорғаныс ведомстволарының қызметі Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық интеграциясының бағытымен қатар жүруге тиіс екендігін атап өтті.