АСТАНА, 7 маусым — Sputnik. Алматыда бойжеткен қызды ағын су арыққа тартып кетіп, салдарынан ол қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға маусымның 6-сынан 7-сіне қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Фурманов көшесінің қиылысында болды. Видеоны түсірген оқиға куәгерінің сөзіне қарағанда, жас қызды ағыс су арыққа тарып әкеткен. "Су тоқтайтын емесе. Қазір суды шығаруға тырысып жатыр, асфальтті бұзып жатыр, нәтиже жоқ", — деп жазды Instagram желісінде бір күн бұрын жарияланған видеоның авторы.
Ақпаратты ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады. "Алматыда 07.06 күні сағат 04:30-да Медеу ауданындағы әл-Фараби даңғылы мен Фурманов көшесінің қиылысында "Самал-2" ықшамауданында ТЖД қызметкерлері арық жүйесінен 1994 жылғы қыздың мәйітін алып шықты, — деді Иманқұлов.
Операцияға жалпы 17 адам қатысты. Қыздың жансыз денесін тағы сағат жетіде тапты. Алматыда сейсенбі күні түстен кейін нөсер жауды.