АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Белгілі қазақстандық боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин туған жеріне келіп, спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысады. Бұл туралы боксшы командасының өкілі Жанар Өтешова инстаграмдағы парақшасында хабарлады.
"Керемет жаңалық! Геннадий Геннадьевич Қарағандыда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысады. 7 маусымда Майқұдықта спорттық кешен ашылады. Бұш кешенге облыс әкімдігі әйгілі жерлесіміздің есімін беріп отыр. Жаңа үш қабатты ғимаратта 25 метрлік бассейн, ауыр атлетика залы, әмбебап спорттық ойын залы және, әрине, мамандандырылған бокс залы бар", — деп жазған Өтешова.
Оның айтуынша, жаңа спорт кешеніндегі жаттығулар балалар үшін тегін болмақ.
"Ашылу рәсімі ғимараттың алдында өтеді. Балалар мейрамы қарастырылып отырғанын атап өтейін. Қонақтар үшйн концерттік және ойын-сауық бағдарламасы жоспарланған", — дейді ол.