АСТАНА, 5 маусым — Sputnik. Ағымдағы жылдың сәуіріндегі жаңа туған сәбилердің ең танымал есімдерін жариялады ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.
"2017 жылдың сәуірі мен өткен айда 29 099 сәби дүниеге келді. Оның 15 125 ұл, 113 974 қыз бала. 2017 жылдың сәуірінде қыздар арасындағы ең танымал есімдер қатарында Айзере деген ат болды. Бұл есім 437 қызға берілген. Одан кейін Айару 398 балаға берілді. Райана есімі де танымал болып келеді. Әншінің құрметіне орай беріліп жатқан шығар. Бұл есімді 319 қыз иеленді. Ұлдар арасында 279 балаға Әлихан, 260 балаға Айсұлтан және 217 балаға Нұрислам есімдері берілген", — деді Дәленов.
Қыздардың көп қойылып жатқан есімдер қатарында: Кәусар, Әмина, Айлин, Інжу, София, Медина. Ерлер есімдері: Әлинур, Әли, Ерасыл, Санжар, Әмір, Мирас, Арсен.
Бала туу көрсеткіші Маңғыстау облысында ең жоғары. Бұл өңірде мың тұрғынға шаққанда 31,15 адамнан келеді. Ал туу көрсеткішінің ең төмен деңгейі Солтүстік Қазақстан облысында — мың тұрғынға шаққанда 13,57 адам. 2016 жылы 400 482 сәби дүниеге келсе, оның 207 117 ұл, 193 364 мыңы қыз бала.