АСТАНА, 5 маусым — Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ел мешіттері арасындағы "Көрікті мешіт-2017" байқауы биыл да республикалық деңгейде ұйымдастырылады, деп хабарлайды "Нұр Астана" орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Осы орайда Астана мешіттерінде атаулы байқаудың іріктеу кезеңі өтті. Діни басқарманың байқауға байланысты қойған талап-шарттарына сәйкес және өкілдікке берілген тапсырма негізінде қала мешіттерінің сән-салтанатын, ішкі-сыртқы тазалығын, көріктендіру деңгейін арнайы құрылған комиссия мүшелері анықтады.
"Комиссияның ортақ шешімімен бас қаламыздағы көрікті мешіт марапатына үш мешіт лайық деп танылды. 1-орын "Нұр Астана" орталық мешітіне, 2-орын "Сәдуақас қажы Ғылмани" мешітіне, 3-орын "әл-Ғани" мешітіне берілді. Аталған мешіттер енді Республикалық деңгейдегі "Көрікті мешіт-2017" бәйгесіне қатысады", — делінген хабарламада.
Республика көлеміндегі ең көрікті 3 мешіт алдағы күндері ҚМДБ бекіткен комиссия тарапынан анықталады. Байқау барысында қала мешіттеріне 1) мешіттің көрікті болуы, (күмбезі, қоршауы, мұнарасы, мінбері, қажеттілігіне қарай күрделі жөндеуден өткен болуы, аят, хадис, нақыл сөздердің мешіт ауласында немесе ішінде ілінуі, ақпарат бұрыштарының болуы), 2) мешіт және мешіт ауласының тазалығы, (мешіт кілемдерінің жаңа немесе сапалы таза болуы), 3) мешіт ауласының көгалдануы (жеміс ағаштары, терек, шырша және түрлі гүл көшеттері егілуі), 4) мешіт құжаттарының түгел болуы (ҚМБД филиалы, Мем.АКТ ҚМБД атында болуы және мем.қабылдап алу актісі) және 5) дәретхана тазалығы,(жылы су, басқа да құрал-жабдықтар, қажеті заттардың қамтылуы) сынды талаптар қойылды.