АСТАНА, 2 маусым – Sputnik. ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде 60 ерікті жас Астана теміржол вокзалында елордасына келген қонақтарға түрлі қызметтер көрсетеді, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметі.
"Еріктілер қалаға тұңғыш рет келген қонақтарға билет сатып алу, көрмеге жету, қонақүйлер таңдау, такси шақыру туралы анықтамалар беріп, жол көрсетеді",- дейді "ҚТЖ" ҰК" АҚ Магистральдық желі дирекциясының вокзал шаруашылығы жөніндегі директорының орынбасары Абай Досанов.
Еріктілер 10 адамнан топталып, екі ауысымда 6 сағаттан, таңғы 8:00 ден 20:00 сағатқа дейін қызмет етеді.
Еріктілердің жолаушылар мен қала қонақтарына барынша мәдениетті қызмет көрсететін болады. Сондықтан да олар арнайы нұсқаулықтар бойынша біліктіліктерін көтеріп, шеберліктерін шыңдады. Сонымен қатар тіл үйренді.