АСТАНА, 2 маусым — Sputnik. Қазақстанның даму банкі энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіптік өндіріс салаларындағы "жасыл" жобаларды қаржыландыруға 60 миллион еуро бөледі.
Астанада "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев пен Еуропалық инвестициялық банк вице-президенті Вазил Худак келісімшартқа қол қойды. Бұл келісім бойынша, холдингтің еншілес ұйымы "Қазақстанның даму банкі" АҚ-на ЕИБ несиеге 120 миллион еуро береді, оның жартысы "жасыл" жобаларды қаржыландыруға жұмсалмақ.
Сонымен бірге кездесу барысында Ерболат Досаев пен Вазил Худак бірлесіп жұмыс істеу басымдықтарын талқылап, оның ішінде "Бәйтерек" холдингінің корпоративтік кепілдемесімен "Даму" қоры арқылы қоршаған ортаға оң ықпал ететін отандық жобаларды жүзеге асырушы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға 200 миллион еуро көлемінде қаражат бөлу туралы сөйлесті.
Бұдан бөлек, трансферт саласында және холдингтің еншілес ұйымы "Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік" АҚ технологиялық брокер қызметін атқаруы мүмкін инновацияларды енгізу бойынша ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері қаралды.