АСТАНА, 1 маусым — Sputnik. Елбасы көрменің басты нысаны болып табылатын "Нұр Әлем" павильонын аралады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
"Бұл – диаметрі 80 метр шар түрінде салынған әлемдегі бірден-бір ғимарат. Павильонда "Болашақтың энергиясы музейі" орналасады, онда Қазақстанмен танысу аймағы болады, сондай-ақ энергияның негізгі түрлері ұсынылады", — делінген хабарламада.
Қазақстан Президентіне "Болашақ Астана – Қазақстанның 2050 жылғы елордасы" экспозициясы, ғарыш энергиясы залы, қазақстандық 28 ғылыми жобаны және "Жасыл экономика" тұжырымдамасы жөніндегі жобаларды қамтитын "Жасампаз энергия" аймағы, сондай-ақ Қазақстанның "Токамак" материалтану термоядролық реакторының моделі, энергетика мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы Мемлекет басшысының бастамалары көрсетілген медиақабырға таныстырылды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев көрме кешенінің Конгресс-орталығында болып, "Шаңырақ", "Аспан" залдарын, VIP-террасаны, Концерт залын көрді. Конгресс-орталық көпфункционалды мәдени әрі ойын-сауық орталығы болып саналады. Онда 2 192 орынға арналған көрермендер залы және 4 конференц-зал бар.
Қазақстан Президентіне көрменің ашылу рәсімі қалай өтетіні көрсетілді.