АСТАНА, 1 маусым — Sputnik. "Әбу-Даби Плаза" кешенінің ең биік мұнарасы 2018 жылы тапсырылады, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
"Жалпы, төрт мұнара болады, олардың үшеуі биылғы жылы тапсырылады. Ал ең биік мұнара келесі жылы салынып бітеді", — деді Қасымбек БАҚ өкілдеріне.
"Бүгінде кешен бастапқы параметрлерге сәйкес келеді, жобалаушылар мен құрылысшылар ғимараттың қабат санын өзгерткен жоқ", — деп толықтырды министр.
Айта кетсек, бұған дейін "Әбу-Даби Плаза" кешенінде бірнеше рет өрт шығып, біраз қабаты бүлінген болатын.
"Әбу-Даби Плаза" ғимаратының құрылысы 2010 жылғы қарашада басталды. Бұл көпсалалық кешен Орталық Азиядағы сексен қабаттан асатын ең биік зәулім ғимарат болмақ. Жобаның құны — 1,6 миллиард доллар.