АСТАНА, 31 мамыр — Sputnik. Елордамызда Астана халықаралық әуежайының жаңа терминалы таныстырылды.
"Қазіргі уақытта терминалдың эксплуатациялық дайындығы бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бірнеше күн ішінде барлық жұмыстар аяқталады. Жаңа терминалдың ашылуының арқасында 45-тен аса апталық рейс қосылды, бұл инфрақұрылымның әлеуетін көрсетеді. Бәріміз де, бүкіл қазақстандықтар да мұны мақтан тұтуымыз қажет", — деді "Астана халықаралық әуежайы" АҚ басқармасының төрағасы Паоло Ричиотти.
Сәрсенбі күні әуежай ғимаратын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев аралады.
Жаңа терминалдың ауданы 47 мың шаршы метр, халықаралық жолаушылар және VIP-терминалдары бар.
Терминалдың ашылуына байланысты әуежай жылына 8,2 миллион жолаушыны шығарып салып, қарсы алады. Сонымен бірге, әуежайда 1300 жаңа жұмыс орны ашылды.