АСТАНА, 30 мамыр — Sputnik. Қатты жел соғып, Алматы зообағы аумағындағы ағаштарды құлатты. Олардың бірі аңдардың торына құлаған, деп хабарлады мекеме директоры Ержан Еркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
"Қатты желдің салдарынан бірнеше ағаш құлады. Біреуі жыртқыш құстар отырған торға құлаған. Әйтеуір, зардап шеккендер жоқ, ең бастысы сол. Таңертеңнен бүкіл ұжым, зообақ әкімшілігі дауылдың салдарын жойып, үйінділерді тазартуға шықты. Ауа райы осылай күрт өзгеретін болса, мұның соңғы жайт болмасы анық. Зообақтағы ағаштар ескі, сол себепті апта сайын жаңасын отырғызамыз", — деп жазады Еркінбаев.
Бұдан бұрын Алматыда қатты жел соғып, екі автокөлікке ағаш құлаған болатын.
Ал Таразда дүйсенбі күні қатты дауыл соғып, үш адам қаза тапқан: екі құрылысшы салынып жатқан конструкциядан құлап кетсе, сегізінші сынып оқушысына жел ұшырған электр желісі тиген екен. Тағы үш адам ауруханада жатыр.
Мәскеуде соққан қатты жел 14 адамның өмірін қиды.