АСТАНА, 29 мамыр — Sputnik. Жаназа мен құдай тамақтағы ысырапшылдыққа қарсы шара қолданылмақ, деп жазады muftyat.kz.
"Һибатулла Тарази" мешітінде өткен "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты дөңгелек үстел басындағы жиында ақсақалдар қоғамдағы жаназа мен құдай тамақтағы ысырапшылдыққа наразылық білдірді. Қариялар бұл турасында дін мамандарымен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірге әрекет етуді жөн көріп отыр.
Басқосу барысында ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев ысырапшылдық, қанағатсыздық туралы сөз сөйлеп, дін мен дәстүрді тілге тиек етті.
Бұл бастама үшін арнайы ашық хат жасалған. Ашық хатта қариялар "Жаназа өткізу тәртібі, құдай тамақтардағы ысырапшылдық, қара киіну туралы салт-дәстүр не дейді, ұлттың рухани дамуына арналған бұқаралық ақпарат құралдары қажет" деген төрт негізгі жайтқа тоқталды.
"Біздер, Жамбыл облысының бір топ ардагер-ақсақалдары ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласын өз ортамызда талқылап, пікір алысқаннан кейін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанып келген Ислам дінінің әдеп-ғұрпын, рәсімдерін ұстанудың қазіргі кезге тән қынжылыс туғызар мәселелері туралы жұртшылыққа ашық хатпен қайырылуды жөн санадық," — деп жазылған хатта.
Ардагерлер өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын белсенді түрде ортаға салып талқыласты. Отырыста құдай тамаққа арналып жасалатын дастарханның той дастарханымен бірдей болатындығы, оның ысырап екендігі айтылып, бұған қолданатын шара да қарастырылды.
Жиын соңында "Ата-бабадан келе жатқан асыл қасиет – қанағатты ардақтап, ысырапқорлық жасаудан аулақ болайық!" атты ашық хатқа облыстың ардагер-ақсақалдары мен облыстың бас имамы Данияр Жұмабаев және қаланың бас имамы Қанат Жұмағұлов қол қойды.