АСТАНА, 29 мамыр — Sputnik. 24 мамыр күні қылмыстық полиция қызметкерлері бірнеше мәрте ұрлық жасады, яғни Тәуелсіздік көшесі бойындағы жаңадан салынған тұрғын үйлердің өрт сөндіру құралдарын тонады деген күдікпен Оңтүстік Қазақстан облысының 1995 жылы туған тұрғынын және Жамбыл облысының 1996 жылы туған тұрғынын ұстады, деп хабарлайды елорданың ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Софья Қолышбекова Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Ұсталған азаматтар құрылысшы болып киініп, салынып жатқан үйлердің подъезіне кіріп, өрт сөндіру құралдарын ұрлап, оны құрылыс базарында сатқан. Олар 13 ұрлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген.
"Елордалық полиция қызметкерлері үй аулаларында, автокөлік тұрақтарын, құрылыстарды торуылдап жүрген күдікті тұлғаларды көрсеңіздер, 102 нөміріне хабарласуды сұрайды", — дейді Қолышбекова.
Бұдан бөлек, 15 мамыр күні саяжайларды тонады деген күдікпен ер адам ұсталды. Ол саяжайдағы үйлерді қарап, иелерін аңдып, олар жоқта ұрлық жасаған. Қазір күдіктінің 15 ұрлыққа қатысы бары анықталды.