Қоғам

Министр: адвокат мәртебесін алу үшін үміткер 1 млн теңге төлейді

© Sputnik / Болат ШайхиновМарат Бекетаев
Марат Бекетаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжілісте нотариат және адвокатура институттарын дамыту және реформалау бағыттары талқыланды

АСТАНА, 29 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Қазіргі уақытта Қазақстанда адвокат мәртебесін алу үшін үміткер бірнеше күрделі рәсімнен өтіп, орта есеппен 1 миллион теңге төлейді, деп хабарлады ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев. 

Бүгінде елімізде адвокаттардың саны 4 мың адамға жуықтайды екен. Десе де, қазіргі уақытта Қазақстанда адвокаттардың жетіспеушілігі мәселесі өзекті. 

"Қазақстанда орташа алғанда 1 адвокатқа 3900 азамат келеді. Мәселен, осы көрсеткіш Италияда 260 адам, ал Германияда 500 және Англияда 900 адамды құрайды. Адвокаттардың тапшылығы мәселесін Жоғарғы Сот  та көтеріп отыр. Бір судьяға 2 адвокат та келмейді. Еуропада бұл көрсеткіш орташа алғанда 3-тен 5-ке жетеді", — деді Бекетаев Мәжілісте өткен отырыста.  

Осылайша, Қазақстанда адвокаттық қызметтің тапшылығы бар, сондықтан азаматтар үшін адвокаттық қызмет қымбатқа түседі. 

Министрдің айтуынша, бүгінде адвокат болу үшін жоғары заңгерлік білім қажет, сондай-ақ үміткер  адвокаттар алқасында алты айдан бір жылға дейін тағылымдамадан өтуге тиіс. Бұдан бөлек, аттестация рәсімінен өтіп, адвокаттар алқасының мүшелігіне өту керек. 

"Тағылымдама ақылы, оның құны жылына 140 мыңнан 280 мыңға жетеді. Адвокаттар алқасына кіру үшін бастапқы жарна өңірге байланысты 700-800 мың теңгені  құрайды. Жарнаның мөлшерін заңға сәйкес облыстық адвокаттар алқасы анықтайды. Осылайша, адвокат мәртебесін алу үшін үміткерге бірнеше күрделі процедурадан өту керек және орта есеппен ол 1 миллион теңге төлейді", —  деп атап өтті министр. 

Бұл жағдайды жеңілдету үшін Әділет министрлігі ресубликалық адвокаттар алқасымен бірге бастапқы жарна мөлшерін 100 айлық есептік көрсеткішке (226 900 теңге)  және тағылымдама ақысын 5 айлық есептік көрсеткішке (11 345 теңге) дейін төмендету мәселесін қарастырып жатыр. Осы жұмыс адвокаттар санын арттыруға мүмкіндік беруге тиіс, өйткені шығын мөлшері екі еседен артық азаяды. 

"Адвокаттық корпустың өсуі оның ішіндегі бәсекелестікті нығайтып, олар алатын гонорар сомасының төмендеуіне ықпал етеді. Бұған қоса, бәсеке адвокаттарды өз кәсіби деңгейін жақсартуға ынталандырады. Тиісінше заңгерлік көмектің сапасы жақсарып, халық үшін қолжетімділігі артуы тиіс", — деді Бекетаев.

Жаңалықтар
0