АСТАНА, 27 мамыр — Sputnik. Түнде Алматыда бір жол апатында жолаушы, екінші жол апатында жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды куәгерлер Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Бірінші жол апаты Темирязев және Жароков көшелерінің қиылысында болды. Toyota Windom Жароков көшесі бойымен оңтүстік бағытта келе жатады, ал Mercedes-Benz CLK — Темирязев көшесі бойымен батыс бағытта. Куәгерлердің айтуынша, қиылыста бағдаршам істемей тұр екен. Mercedes бар жылдамдықпен келіп, Toyota көлігін бүйірден бір соғады, қатты соққыдан Windom ығысып, бордюрге бір-ақ шыққан, ал CLK бірнеше рет айналып, бағдаршам бағанасына соғылыпты.
Көлік апаты салдарынан Toyota Windom көлігінің 1975 жылы туған жолаушысы қаза тапты, Mercedes жүргізушісі мен Toyota көлігінде болған жолаушы әйелді ауруханаға жатқызды.
Toyota рөлінде болған ер адам, куәгерлердің сөзіне сүйенсек, оқиға орнынан қашып кетіпті.
Екінші жол апаты Райымбек даңғылы бойында №7 қалалық ауруханадан батысқа қарай болған. Toyota Windom Mazda Cronos көлігін арт жағынан бір соғып, дуалға соғылады да, бордюрден өтіп, Hyundai Sonata көлігімен соқтығысқан, ал ол өз кезегінде Daewoo Espero көлігіне соғылады.
Toyota көлігінің жолаушысы әртүрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды, бұл көліктің жүргізушісі ауыр жарақат алып, жедел жәрдем келгенше көз жұмды.