АСТАНА, 26 мамыр — Sputnik. Қазақстанның киберқауіпсіздігі концепциясы аясында енгізіліп жатқан нормалар интернет қолданушыларының кім екенін анықтауға мүмкіндік береді, деді қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Голобурда.
"Киберқауіпсіздігі концепциясы туралы айтар болсақ, біз ақпараттың құпиялығы, тұтастығы және қолжетімділігінен бөлек, қолданушылардың кім екенін анықтауды қамтамасыз ету қажеттігін түсінеміз. Ұялы телефон арқылы сайттың администраторын, қолданушысын, ақпаратты таратушы тұлғаны анықтау механизмі ақпараттық қауіпсіздіктің әдеттегі талабы болып саналады", — деді Голобурда орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Ол ресурс еліміздің аумағында таратылған болса, қылмыскерді, сайтқа кім жауап беретінін, ақпаратты кім тарататынын анықтау қиын емес екендігін атап өтті.
Бұдан бұрын вице-министр "Киберқалқан" концепциясының Қазақстан үкіметіне маусым айының соңында енгізілетінін хабарлаған болатын.