АСТАНА, 26 мамыр — Sputnik. Жеңіл көлік мінген жүргізуші әйел Өскемендегі дәмханалардың бірінің терезесін қиратты, деп хабарлайды "Устинка" өңірлік сайты.
Сайттың берген мәліметіне сүйенсек, Nissan қатысқан көлік апаты жұма күні түстен кейін болған.
"Көлік апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Көлікті әйел адам мінген. Қатты шошып қалыпты, оқиғаның қалай болғанын түсіндіре алмайды. Жеңіл көліктің жүргізушісі дәмханада отыр. Бәрі полицейдерді күтуде", — деп хабарлайды дереккөз оқиға орнындағы куәгерлерге сілтеме жасап.
Облыстық ІІД баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне мәлімет бергендей, әйел адам дәмханадан шығып, жанында тұрған көлігіне отырады.
"Артқа берудің орнына, алға жүріп, бордюрдан өтіп, кафенің қабырғасына соғылған. Салдарынан көлік пен дәмхана қабырғасына зиян келді", — дейді баспасөз қызметінде.
Полиция көлік апатынан ешкім зардап шекпегенін растады.