АСТАНА, 22 мамыр — Sputnik. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы, пара алды деген күдікпен қамауға алынған Сақташ Хасеновке қатысты қылмыстық іс Астана сотында қаралады, деп хабарлады қалалық сот баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
"Бастапқы тыңдау Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында 25 мамыр күні 15:00-де өтеді", — деді агенттікке сұхбат беруші.
Хасенов өткен жылы қараша айында бір мың тонна құс етін әкелуге рұқсат бергені үшін 5 миллион теңге пара алып жатқан жерінде ұсталған болатын. Онымен бірге сенімді өкілі Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы қызметкері Елена Решетько да ұсталған еді.