АСТАНА, 22 мамыр — Sputnik. Шымкентте бірінші сыныпқа бару үшін құжат интернет арқылы ғана қабылданатын болады, деп жазады жергілікті Otyrar басылымы.
Бірінші сынып оқушыларын қабылдау 1 маусым мен 30 тамыз аралығында өткізіледі.
Мектеп пен бастауыш сынып мұғалімдерін қалалық білім беру бөлімі сайтынан таңдауға болады, ол жерде барлық мектептер мен мұғалімдер рейтингі көрсетілген.
Ата-аналарға құжатты электронды түрде қалай жіберуге болатыны үйретіледі.
"Біз барлық отбасыларда компьютер мен интернеттің жоқ екендігін ескердік. Сондықтан ата-аналар үйінің жанындағы мектептке барса болады. Ол жерде бірінші сыныпқа баратын оқушының ата-анасына құжатты электронды түрде өткізуге көмектеседі. Барлық сұрақтарды мектеп басшылығынан білуге болады", — деп хабарлады Шымкент қаласы білім беру бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.