АСТАНА, 17 мамыр — Sputnik. Алматы түбінде із-түссіз жоғалып кеткен 17 жастағы Зернеш Серікбаева Тараздан табылды, деп хабарлайды Алматы облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Қарасай ауданы Қырғауылды ауылының тұрғыны Зернеш Серікбаева 17 сәуір күні із-түссіз жоғалып кеткен. Бір ай бойы қызын іздеп таба алмаған ата-анасы БАҚ көздері арқылы халықтан көмек сұрап, полицияға ресми арыз жазады.
Жоғалып кеткен қызды іздеуге Қарасай ауданы полицейлері мен облыстық іздеу бөлімінің жедел қызметкерлері жұмылдырылды.
Кейінірек анықталғандай, қыз бір ай бойы Алматы қаласындағы көлік жуу орындарының бірінде жұмыс істеген, біраз күн бұрын туған әпкесі тұратын Тараз қаласына кетіп қалыпты. Қазір қыз ата-анасының үйінде.
Полиция қыздың неліктен үйден жиі қашып кететінін тексеріп жатыр.