АСТАНА, 17 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым көп қатысқан азаматтардың зейнетақысы жоғары болады, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
"Биылғы жылы зейнетақы мөлшерінің 20 пайызға дейін артуын ескере отырып, заң жобасында базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 54 пайызға дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Осылайша, 2018 жылғы бірінші шілдеден бастап базалық зейнетақы мөлшері азаматтардың еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударымдар кезеңі 10 жылдан аспаса, онда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын, 20 жыл болса, төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, ал 33 жылдан асқанда, 100 пайызын құрайтын болады. Нәтижесінде еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне неғұрлым көп қатысқан азаматтардың зейнетақысы жоғары болғалы отыр", — деді Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында.
Министр атап өткендей, 2018 жылғы бірінші шілдеден бастап екі миллионнан астам зейнеткердің 45 пайызы төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызынын жоғары алатын болады, ал 45 пайызы төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын алады немесе базалық зейнетақысы бүгінге қарағанда екі есеген көп болады деп күтілуде.
"Екіншіден, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына 5 пайыз жарналар есебінен қалыптастырылатын шартты жинақтаушы компонентін енгізу көзделген болатын. Қалыптасқан экономикалық ахуалды ескере отырып, заң жобасында жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімін 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру қарастырылып отыр", — деді Дүйсенова.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды. Оған сәйкес азаматтардың зейнетақысы 3 кезеңде арттырылатын болады.