АСТАНА, 12 мамыр — Sputnik. Астанада ЭКСПО көрмесін өткізуге байланысты оқу жылының басталуын кейінге шегеру мәселесі қарастырылуда, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
"Астана туралы айтар болсақ, EXPO-2017 көрмесіне байланысты жол-көлік желісіне салмақ түсуі мүмкін. Сондықтан елорданың білім беру басқармасы 1 қыркүйек күні алағшқы қоңырау өткізіп, сабақтарды 12 қыркүйекте бастауды ұсынды", — деді Суханбердиева БАҚ өкілдері сұрақтарына жауап беріп.
Оның сөзіне жүгінсек, қазір министрлік пен елордалық білім беру басқармасында осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізілуде. Вице-министр түсіндіріп өткендей, елдегі әр қаланың оқу жылын бастау мерзімін кейінге шегеруге хақы бар.
"Біз бастауыш сыныптар бойынша, қосымша қанша күн керек болатынын есептедік. Бастауыш мектепте бескүндік болса, қосымша бес күн керек болады, ал аға буын сыныптары үшін қосымша сегіз күн қажет. Тақырыптарды қалай қайталайтыны туралы мәселе қарастырылып жатыр, келіссөздер жүргізілуде", — деді Суханбердиева.