АСТАНА, 12 мамыр — Sputnik. Астанада иттердің қала өміріне бейімділігін тексеру мақсатында арнайы емтихан енгізіледі. Сынақтан сүрінбей өткен ит "Басқарылатын қала иті" куәлігіне ие болады, деп хабарлайды Elorda aqparat медиа-ресурсы.
Басылымның хабарлауынша, Астана әкімінің қаулысына сәйкес, тексеруге бір жасқа толған, дені сау иттердің барлық түрі жіберіледі. Олар бейтаныс жанды немесе итті көргенде, қасынан адамдар жүгіріп өткенде, велосипедші өткенде, өздерін қалай ұстайтынын, адамдар тобыры арасынан, жолдан қалай өтетіндіктерін көрсетеді.
Жаттығуларды орындағаны үшін ұпай берілмегенімен, ит иесінің әрекеті, иттің дағдысына байланысты "сынақтан өтті" немесе "өтпеді" деген баға беріледі. Емтиханнан сәтті тапсыру үшін жеті жаттығудың төртеуінен сүрінбей өтсе болды.