АСТАНА, 12 мамыр — Sputnik. Маңғыстау облысы Жетібай ауылында бір топ адам үйге оқ жаудырған, деп жазады өңірлік "Лада" басылымы.
"Алты-жеті адам 9 мамыр күні таңертең үйімізге жақындап, тапаншамен ата бастады. Бәрі бетін тұмшалап алған. Ол кезде үйде жоқ едім, балаларым ғана болған еді. Аулаға кіріп, терезе-қабырғаларға оқ жаудырыпты. Жарты сағаттай атқылаған соң, кетіп қалыпты", — дейді үй иесі Сандуғаш Мілғалиева.
Шабуыл кезінде үйде жәбірленушінің туған-туыстары — кішкентай балалар, ер адам мен аяғы ауыр әйел адам болыпты. Ешқайсы зардап шекпеген.




Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті хабарлағандай, алты күдіктінің кім екені анықталды, оларды ұстау бойынша шаралар атқарылуда. Аталған дерекке сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша сот алды тергеу ісі жүргізілуде.