АСТАНА, 11 мамыр — Sputnik. Қазақстан Президенті "Назарбаев Университеті" дербес білім беру мекемесінің президенті Шигео Катсумен кездесті, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Кездесуде Мемлекет басшысына білім беру мекемесінің жұмыс нәтижелері туралы есеп беріліп, университеттің құрылғанынан бергі жетістіктері және оны бұдан әрі дамыту жоспарлары жөнінде баяндалды.
Елбасыға "Назарбаев Университеті" дербес білім беру мекемесі 7 жылдағы өз жұмысы барысында жетекші халықаралық жоғары оқу орындарының үздік тәжірибесін қабылдағаны, сондай-ақ оқу орнында болашағынан үміт күттіретін ең дарынды студенттерді іріктеуге септігін тигізетін меритократия қағидаты енгізілгені мәлімделді.
Шигео Катсудың айтуынша, университетте қазіргі кезде мықты зерттеу институты бар, бұл ұлттық деңгейде тұрақты әріптестікті қалыптастыру үшін технологияларды дамытуға, білімді жетілдіруге зор мүмкіндік береді.
Биыл "Назарбаев Университеті" дербес білім беру мекемесінің үшінші түлектері оқуды тәмамдайды.