Оқиға

Жаңа туған ұлын сатқан Ақтөбе тұрғыны жеті жылға сотталды

© AFP 2024 / Dimitar Dilkoffжаңа туған сәби
жаңа туған сәби - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Баласы үшін 60 мың теңге алған

АСТАНА, 11 мамыр — Sputnik. Ақтөбеде жаңа туған сәбиін сатқан 32 жасар әйел жеті жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Саудаға салынған нәрестенің анасы қаңтар айында қамауға алынған. 32 жастағы Жанна Ақаласова баланы өзінің құрбысы арқылы басқа біреуге сатуды ойластырған. Айыпталушы  әйел шарананы бала сүйе алмай жүрген өзінің ұлы мен келіні үшін сатып алмақ болған.  Сот сәби саудасына қатысты деп айыпталған үш әйелді де кінәлі деп тапты.

"Жанна Батырғалиевна Ақаласова ҚР ҚК 135-інші бабы 2 бөлімінің 1-інші тармағында көзделген қылмыс жасауда кінәлі деп танылып, жеке дүние-мүлкі тәркілеп, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 46-ыншы бабы 5-інші бөлігінің 2-інші тармағының талабына сай, Ақаласованың жазасын өтейтін жері қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп тағайындалсын! ", — деп оқыды үкімді Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлыбек Ормаханов.

Нәрестені сатып алмақ болған Дина Досақова 7 жылға шартты түрде сотталды. Үкім оқылғанда, ол есінен танып қалып, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Ал бала саудасына делдалдық жасаған Ақаласованың құрбысы да 7 жыл бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленетін болды. Бірақ, оның кәмелет жасына толмаған екі баласы болғандықтан, жазасын 5 жылдан кейін өтей бастайды. Ол сот үкімімен келіспейтінін айтты.

Айта кетейік, негізгі айыпталушы Ақаласова бұған дейін 8 жастағы ұлын балалар үйіне берген. Ал, туылмай жатып, тағдыры талқыға түскен екінші баласы енді  сәбилер үйінің қамқорлығында  болады.


Жаңалықтар
0