АСТАНА, 10 мамыр — Sputnik. Астана әкімі Әсет Исекешев қалада жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаны аралап шықты, бұл туралы ол Facebook парақшасында жазған.
"Құлагер" тұрғын үй кешенінің 2-ші және 4-ші үйлерінің төңірегінде жолға дейін толығымен асфальт төселіп, ол жерде үлкен көлік тұрағы болады. ПИК арқылы тұрғындармен келісіп, аулада шлагбаум қойып, көлікті ішке кіргізуге тыйым салғымыз келеді. Аулада балалар алаңы мен спорттық алаңдар, шағын саябақтар саламыз", — деп жазды қала басшысы өз парақшасында.
Әсет Исекешев "Инфинити" тұрғын үй кешені маңындағы кварталіші өтпе жолдарының құрылысымен танысты. Құрылыс мамыр айының соңында аяқталады, сол кезге дейін бүкіл жолдарға асфальт төселеді.
"Және тағы бір маңызды жоба — Қабанбай көшесі бойында Сығанақ көшесінен бастап ЭКСПО-ға дейін созылатын жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жалпақтығы 4,5 метр жаяужолдың құрылысы", — деп атап өтті қала әкімі.