Қоғам

Ардагер: Бигелдинов пен Қошқарбаев секілді батырларды жастардың білмеуі қынжылтады

© Photo : Рафаил Аблаковтын жеке архивіненРафаил Аблаков
Рафаил Аблаков - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов, рейхстагқа Жеңіс туын тіккен батыр жауынгер Рақымжан Қошқарбаев пен Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовпен таныс болу бақыты бұйырды", - деп әңгімеледі ардагер Рафаил Аблаков.

АСТАНА, 9 мамыр — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Соғыс көп адамды балалық шақпен ерте қоштасып, тез есеюге мәжбүр еткені белгілі. Рафаил Аблаков та жастайынан еңбекке араласқандардың бірі. Соғыс басталғанда Рафаил буыны бекіп, омыртқасы қатпаған кішкентай бала болса да, сұрапыл соғыстың бар қиындығын аға-әпкелері, ата-анасы, ауылдағы халықпен бірге көрді. Тыл еңбеккері сол уақытты ауыр күрсініп еске алады. 

"Cоғыс жылдары бұрынғы Алексеевка, қазіргі Ақкөлде тұрдық. Бала болсақ та, соғыстың бар қиындығын үлкендермен бірге бөлістік. Мал бағып, картоп жинап, пішен тасыдым. Азық-түлік, киім-кешектің бәрін майданға жөнелтті. Өзіміз не қалады, соны жейтінбіз, жартылай аш жүреміз. Өте қиын болды. Бірақ халық бар ауыртпалықты қайсарлықпен көтере білді. Халқы соғыстың алдыңғы шебінде ғана емес, тылдағы еңбек майданында да ерен ерліктер көрсетті", — дейді ол. 

"Жеңіс туралы бірінші естідік"

Аблаковтардың үй-іші көп күткен Жеңіс туралы қуанышты хабарды бірінші болып естиді. Өйткені ауылдағы небары екі радионың бірі Рафаилдың үйінде болған. Левитанның жеңіс туралы сөзінен кейін әкесі қызыл матаны желбіретіп, үйінің төбесіне іліп қояды. 

"Әкем таңертең ерте ұйықтап жатқан ағам екеумізді "Соғыс аяқталды, тез тұрыңдар" деп оятты. Қабырғада әпкелерім тіккен кесте ілініп тұратын. Әкем сол қызыл матаны жұлып алып, ағамды шатырға шығарып, ілдіртіп қойды. Мұны көрген жұрт "Не болды?" деп сұрап жатты. Әкем болса оларға соғыстың біткені туралы қуанышты хабарды жеткізді. Сол күні үлкен митинг өтіп, жеңіске қол жеткізген халық бір жағынан қуанып жатса, екінші жағынан зұлмат соғыста мерт болған туыстарын еске алып жылады", — деп әңгімеледі тыл еңбеккері.

"Қазақтың үш батырымен таныс болу бақыты бұйырды" 

© Photo : Рафаил Аблаковтын жеке архивіненТалғат Бигелдинов пен Рафаил Аблаковтың ағасы
Ардагер: Бигелдинов пен Қошқарбаев секілді батырларды жастардың білмеуі қынжылтады - Sputnik Қазақстан
Талғат Бигелдинов пен Рафаил Аблаковтың ағасы

 

Рафаил Аблаков авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры жерлесі Талғат Бигелдиновпен таныс болғанын мақтан тұтады. Соғыстан кейін оның ағасы даңқты ұшқышпен қызмет бабымен жүздесіп, кейін олар жақсы достар болып кеткен. 1946 жылы соғыстан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесіне алғашқы сайлау өтеді. Ол кезде Рафаил Аблаковтың ағасы  облыстық атқару комитетінің төрағасы. Талғат Бигелдинов Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланғаннан кейін болған бір оқиғаны Рафаил қария былай еске алады: 

"Талғат Бигелдинов Жоғарғы кеңеске депутат болып сайлағаннан кейін ағам оны қонаққа шақырды. Облыстың бүкіл басшылығы жиналды. Мен ол кезде ағамның үйінде тұрып жатқан едім. Талғат Бигелдинов әскери формасын киіп келді. Кеудесі толған медаль – екі "Алтын жұлдыз", екі "Қызыл ту" ордені, Александр Невский ордені, Даңқ ордені. Талғат аға кителін шешіп, іліп қояды. Мен ол кезде он жаста ғанамын. Қызығып кетіп, омырауындағы жұлдыздардың бәрін ұстап көрдім. Онымен қоймай кителді киіп, аулада ойнап жүрген балаларға мақтанып көрсету үшін сыртқа шықтым. Осы оқиға есімде ерекше жатталып қалды. Кеңес одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновпен достық қарым-қатынаста болғаныма бақыттымын". 

Оған Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тіккен батыр жауынгер Рақымжан Қошқарбаев пен армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетовпен де жақсы таныс болу бақыты бұйырған. Рафаил Аблаков осындай өр тұлғалы, кесек мінезді қазақтың батыр ұлдарының өмір жолы ұрпаққа өнеге екенін айтады. 

© Photo : Рафаил Аблаковтын жеке архивіненСолдан оңға қарай: Рақымжан Қошқарбаев, Рафаил Аблаковтың ағасы, Талғат Бигелдинов
Ардагер: Бигелдинов пен Қошқарбаев секілді батырларды жастардың білмеуі қынжылтады - Sputnik Қазақстан
Солдан оңға қарай: Рақымжан Қошқарбаев, Рафаил Аблаковтың ағасы, Талғат Бигелдинов

 

"Біздің Ұлы Жеңіс!"

Бірақ, өскелең ұрпақтың тарихқа енжарлық танытуы, жеңіс сыйлаған қаһармандарды білмеуі ардагерді қатты қынжылтады екен. Бұл патриоттық тәрбиенің олқылығынан деген пікірде ол. 

"Жастарды тәрбиелеу, патриоттық тәрбие беру мәселесі мені қатты алаңдатады. Мен жастарға Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев түскен суреттерді көрсеттім. Жарайды, менің ағамды білмейді делік, ал бұл батырларды білуі керек қой. Ешқайсысы жауап бере алмады. Бұл біздің қателігіміз болса керек, жастарға патриоттық тәрбиені дұрыс бере алмаған шығармыз. Болашақ жастарымыздың қолында ғой. Олар мұның бәрін білуі тиіс", — дейді Рафаил Аблаков. 

Ардагер көңіліне қаяу түсіретін тағы бір жайтпен бөлісті:

"Қазір интернетте "бұл біздің жеңіс емес" деген сықылды әңгімелер айтылып қалып жүр. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Мәселен, бұл біздің жеңіс болмаса, Рақымжан Қошқарбаев, 28 панфиловшының ерлігін қайда жібереміз? Қан майданда қаза тапқан миллиондаған жауынгер ше? Қалай бұл біздің жеңіс емес?! Бұл біздің Ұлы Жеңіс!". 

"Отанды сүйіңдер!"

Рафаил Аблаковтың әкесі тоғыз жасында отбасымен Қазақстанға татар жерінен қоныс аударған. Ардагер өзі қазақ елінде туып-өсті, осы жерді Отаным деп санайды. Көп жылдар құрылыс саласында еңбек еткен. Ел астанасын Ақмолаға көшірген кезде алғашқы жылдары елорданы салуға атсалысты. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Татарстанның Қазақстандағы уәкілетті өкілінің кеңесшісі, орынбасары болып қызмет ете жүріп, екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосты. Ал қазір республикалық ардагерлер кеңесінде ұлттық келісім сұрақтарымен айналысып жүр. Сексеннің сеңгіріне шыққан өмірден түйгені көп қария жас ұрпаққа айтар өсиетім бар дейді:

© SputnikЕңбек ардагері, тыл еңбеккері Рафаил Аблаков (бірінші қатарда солдан санағанда үшінші болып тұр)
Ардагер: Бигелдинов пен Қошқарбаев секілді батырларды жастардың білмеуі қынжылтады - Sputnik Қазақстан
Еңбек ардагері, тыл еңбеккері Рафаил Аблаков (бірінші қатарда солдан санағанда үшінші болып тұр)

"Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! Өйткені  туған жер бізді өсіріп, жеткізді, қамқор болды. Туған жерден ыстық жер жоқ. Елдің болашағы жастардың қолында. Адал еңбек етіп, елге қызмет етсеңдер Қазақстанның келешегі кемел болатынына кәміл сенемін". 

Жаңалықтар
0